Танысыңыз, жаңа әдебиеттер!

      Комментарии к записи Танысыңыз, жаңа әдебиеттер! отключены

Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Биылғы жыл «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» болып жарияланды. Егемендік дәуірінің тағы бір парағы ел шежіресіне еніп, тарих таспасына жазылды.

Ұлттың жаңа болмысы тұғырлы тұлғалардың өсиетінен, өнегесінен бастау алады. Тарихи тұлғалардан өнеге алуға, тағылымды ой толғауға мән беріп, дала данышпандары – әрдайым болашаққа бағыт сілтейтін айнымас темірқазығымыз екенін ұмытпағанымыз абзал.

Осыған орай аудандық кітапхана қорына да ақын-жазушыларымыздың көптеген  кітаптары түсуде.

Естеліктегі Алаш

Кітапта Алашорда қайраткерлерінің мемлекетшілдік сана биігіндегі жасампаздық ғұмырларының тарихи тағылымына бойлататын түрлі жанрдағы үзінділер берілген. Қазақ мемлекеттілігін қалпына келтірудегі тар жол, тайғақ кешулі қоғамдық қызметтерінің белесті кезеңдеріне қатысты құнды деректер қамтылған.

Виктор Зайнберт

Ботай. Кітап біздің заманымызға дейінгі төртінші мыңжылдықта Ұлы Дала төскейінде ғұмыр кешкен бабаларымыздың өткен өмірінен, тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді. Әлемнің ең маңдайалды ғалымдары өздерінің зерттеу еңбектерін осынау солтүстік Қазақстан облысы Айыртау өңіріндегі Ботай қонысына арнауда.

Ежелден елдің шебін, халықтың қасиетті жерін қорғаған, сол үшін жанын қиған қазақ батырлары ұлттың мақтанышы болған.

Бексұлтан Нұржекеұлы

Қазақ батырлары. Бұл кітапта жазушының шығармалары арқылы бұрыннан белгілі, белгісіз батырлардың ерлік істерімен, халқымыздың қаһармандығымен терең таныса алады.

Бүркітбай Аяған

Ұлы даланың айбынды билеушілері. Бұл бірегей кітап – Әбілқайыр Шайбанидтің өмірбаянына арналған. Әбілқайыр Шайбанид Жошының тікелей ұрпағы Ұлы даланың кең жазықтарынан шыққан. Оның туа біткен қолбасшылық таланты тарих бейнесін өзгертті.

Сондай-ақ, аудандық кітапханаға жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай  кітаптар түсуде.

Мырзатай Жолдасбеков

Жамбыл Жабаев Ұлы дала ақыны. XX ғасырдың Гомері атанып жүз жыл жырлаған жыр алыбы Жамбылдың қайталанбас шығармашылығы мен халқымыздың ұшан-теңіз байлығы — поэзиямыздың кешегі, бүгіні жүріп өткен жолына талдау жасалған. Сондай-ақ, мұнда Жәкеңнің ұстаздары мен шәкірттері хақында берілген аса құнды мағлұматтар да мол.

Жаңа түскен кітаптарды оқырманмен таныстырып, кітап оқуға баулу, бос уақыттарын тиімді өткізуге түрткі болады деген сенімдеміз!

Аудандық кітапхана жүйесінің әдебиеттерді жинақтау және өңдеу бөлімі.