Ілияс Жанқараұлы қажы

Статьи в формате PDF опубликованные в газетах и журналах.

1. «Ақбеттау Ілияс Жанқара» Алтаев Қайрат

2. «Жантөбет ұрпақтары» Мариям Рахметова, Сәуле Мұратова 

3. «Ілияс Жанқараұлы қажы» Тереңкөл тынысы


Кісілік келбеті мен жан жомарттығын жоғалтпаған

Ілияс Жанқараұлы қажы 1. «Ақбеттау Ілияс Жанқара» сүрет кітабынан алынған

Ілияс Жанқараұлы — Жантөбет руының Уақ Жанқара есімді сауда-саттықпен және мал өсірумен айналысқан дәулетті адамының жанұясында өмірге келді. Керекудегі елге танымал әкесінің төрт әйелінен он сегіз ұлы болған. Жанқара оқу-білімнің қажет екенін түсініп, балаларын ерте оқытады. Екінші әйелінен туған Ілиястың зеректігіне көңіл бөліп, талабын ұштауды ойлайды. Жастайынан Петерборда оқып, білім алған Ілияс ауылдағы елді басқару және ұйымдастыру ісіне ерте араласып, туып-өскен Тереңкөл болысында өзінің туған бауыры Бозқозыдан кейін билікке келеді. Жастайынан Петерборда оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты, жігерлі жан қазақ еліне, патшалық Ресейдің көп жеріне танымал болып үлгереді, қашан да әділдік жағында болып, ақ патшаның саясатын жүргізеді. Ақсүйек әулетінен шыққан Ілияс 1883 жылы Александрдың таққа отырып, тәж кию рәсіміне қазақ даласынан арнайы барған делегацияның құрамына енеді.

1. «Ақбеттау Ілияс Жанқара» сүрет кітабынан алынған

Ақ патшаны ұлықтау салтанатына қазақ елінен Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлиханов, Мұсаның ұлы Сәдуақас Шорманов, Абайдың әкесі Құнанбай сұлтанның және Иса Бердалиннің қатысқанын тарихи деректер дәлелдейді. 1891 жылы Тереңкөлде болыс болып тұрғанда патша мұрагері Николай Александрович Романов Ресей империясының қарауындағы аймақтармен танысу мақсатында қазақ даласына сапарлап келіп, Омбы қаласы мен Ертіс өзенінің жағасындағы қазақ ауылында болуды мақсат етеді.

Дала генерал-губернаторы М.Таубе қазақ елі тұрмысынан мол хабары бар И.Козлов пен В.Кернге патша мұрагерін қарсы алу үшін мұқият әзірленуді, кездесу бағдарламасын жасауды мықтап тапсырады. Патша шенеунігі өз тарапынан дала өлкесінің сыйлы байлары мен ақсақалдарына да өтініш жасайды. Қазақ даласында ақ патша мұрагерін Омбыдан он екі шақырым жердегі Ертіс өзенінің жағалауында күтіп алуға жарты жыл дайындалады. Өзен жағасында киіз үйлерден тұратын шағын қалашық пайда болады. Кедей, орташа және бай әулеттің үйлері тігіледі. Қалашық ортасында еңселі шатырлы үйлер де бой көтереді. Одан бөлек, жаздық жеңіл баспаналар, оның алдына ұзынша орындықтар қойылады. Ауыл-ауылдан әнші-күйші, суырыпсалма ақын, бақсы-балгер, балуандардың басы қосылады. Ошаққа қазан асылып, жақын маңда сойыс малдары жайылып жүреді.

Қаз-қатар тігілген киіз үйлердің ішінде Тереңкөл болысы Ілияс Жанқараұлының да үйі болды. Қазақтың жасау-жабдығы келіскен киіз үйінде Семей мұражайынан алынған ұлтымыздың ертеден тұрмыс-тіршілігіне тұтынған құрал-жабдық, төсеніш, кілем, алаша, тұскиіз, көне музыкалық аспаптары — домбыра, қобыз, сазсырнай, дауылпаз, үй іргесінде құмай тазы, бүркіт, қаршыға, ерте дүниеде табылған археологиялық және зоологиялық жәдігерлер де орын алады.

Николай Цесаревич «Николай» пароходымен 15 шілде күні келеді. Оны қазақ даласының өкілдері кеме тоқтайтын баспалдақтан күтіп алады. Қарсы алушылардың ішінде болған Шыңғыс Уәлиханов (Ақмола өңірі), Ісләм Уәлиханов (Семей өңірі), Сұлтан Найманханов (Жетісу өңірі), өзге де сыйлы, танымал азаматтар патша мұрагеріне алтын жалатқан ыдыс-аяқпен дала сусынын ұсынады. Ол ыдыс-аяқта дала халқы тұрмысынан — жайлаудағы киіз үй, ат бәйгесі, асауды бұғалықтау сияқты көріністер бейнеленген екен. Болашақ император Ақмола уезінің дәулетті адамы Нұрмұхамет Сағанаев жасақтаған киіз үйдің табалдырығынан аттайды. Қымбат бағалы түрлі-түсті сусыма жібек маталар, құрақ көрпелер мен жасаулы кереует көздің жауын алады. Сәукеле киген қыз-келіншектер ұлы мәртебелі қонақты ибалылықпен қарсы алып, бие мен інгеннің қалай сауылатынын, қымыз бен шұбаттың, ірімшік-құрттың қалай жасалатынын көрсетеді. Келесі киіз үйдің иесі — Атбасар уезінің дәулетті адамы Мейрам Жанайдаров Екетерина ІІ патшайымы Орта жүздің ханы Уәлиге сыйға тартқан шапан, құндыз ішік, жібек белбеу, қымбат тастармен әшекейленген қылыш, өзге де құнды бұйымдарды көрсетеді. Одан әрі патша мұрагері Омбы уезінен Тастанбек Шонаев, Қызылжар уезінің қазақтары әзірлеген киіз үйлерді аралап көріп, Шыңғыс Уәлиханов дайындатқан киіз үйде әнші, жыршы, ақындардың өнерін тамашалайды. Одан соң патша мұрагері Павлодар уезі, Тереңкөл болысы Ілияс Жанқараұлының көрмеге арнап безендірген киіз үйінен күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар — қару-жарақ, ыдыс-аяқ, ұлттық киім-кешек түрлері мен музыкалық аспаптарды тамашалайды. Тіпті, қызықты зоологиялық коллекция — бал арасы, құмырсқа, улы қарақұрт пен жыландар, одан бөлек, тас пен қола дәуіріндегі тұтыну заттары — балта, пышақ, қайла, өзге де заттарды кезіктіреді. Қазақ халқының тұрмысына қажетті заттарды көрген патша мұрагері бұл жәдігерлер туралы кітап жазуға кеңес береді.

Ұлы мәртебелі қонаққа қазақ ауылының көш-керуенінен көріністер көрсетіледі. Сәйгүліктер жарысын тамашалайды. Патша мұрагері аттанып кеткен соң осы өлкенің генерал-губернаторы, барон Таубе сыйлы қонақты қарсы алуда белсенділік танытқан қазақтың би-болыстарын арнайы марапаттайды. Кейіннен қазақтың би-болыстары көрсеткен жәдігерлер Петербордағы мұражайға жеткізіліп, орыс жұртшылығының назарына ұсынылады. Олардың ішінде патша мұрагерімен бірге суретке түскен қазақтың би-болыстарының суреті (оның ішінде Ілияс Жанқарин де бар) Петербор мұражайынан орын алады. Бұл тарихи оқиға туралы 1891 жылғы «Дала уәлаяты» газетінде жазылып, тарихшы Юрий Поповтың «Свет далеких имен» атты кітабында да деректер келтірілген. Бұл ұлттық құндылықтар Петербордағы Орталық мұражайда орыс халқына қазақ елінің тұрмысы мен мәдениетін таныстыруға жол ашады.

Алаш ардақтыларымен үзеңгілес болған

Ілияс Жанқараұлы орыс патшасы Екінші Николайдың таққа отыру салтанатына да қазақ ұлтының өкілдерімен бірге барып қатысады. 1913 жылы арнайы шақырылған делегацияның құрамында болады. Сол кезде қазақ даласынан барған делегация туралы деректі арада ғасырдан астам уақыт өткенде 1996 жылы Ресейдің отандық мұрағат журналы жарыққа шығарды. Романовтар әулетінің 300 жылдық мерейтойы туралы Санкт-Петербордағы мемлекеттік мұражайда орын алған көне суреттердің астына жазылған жоғары шенді азаматтардың қатарында Ілияс Жанқариннің де аты-жөні көрсетілген. Өз халқының мұң-мұқтажы мен мүддесі үшін Ілияс Жанқараұлы 1905 жылы Дала аймағының саясаткері ретінде атақты 47 баптан тұратын Қарқаралы петициясын өмірге келтіруге күш салады. 1907 жылы 20 мамырда осы үлкен мәселенің шешілуі жөнінде Омбыда генерал-губернатор Надаровтың басшылығымен өткен алқалы жиынға қазақ даласынан Ысқақ Бердалин, Мұхамед Кәбір, Апық Жолшарин және Темірғали Нұрке­новтермен бірге қатысады. 1906-1907 жылдары Ілияс Жанқараұлы Ресейдегі Бірінші және Екінші Дума сайлауында қазақ елінен барған Алаш ардақтылары Шәкәрім Құдайбердиев, Сәдуақас Шормановтармен бірге Думаға депутаттыққа сайлау ережелерін қабылдауға дауыс беруші ретінде қатысып, жоғары мінбеден сөз сөйлеп, қазақ халқының мүддесін қозғайды. Осы Думада қазақ елінің атынан Әлихан Бөкейханов депутат болып сайланады. Бұл туралы сол кезде «Дала уәлаяты» газетінде материалдар жарық көрді. Жанқара әулеті кезінде Терең­көл өңірінен жерлес­терінің балаларын оқуға тарту мақсатында мектеп те салған екен. Бұл туралы Р.Қадысов пен С.Мамытовтың «Қазақстанның ХХ ғасырдағы ұлттық буржуазиялық қалыптасу ерекшеліктері» атты еңбегінде атап өтіледі. 1907 жылы Ілияс Жанқарин атақты ақын Шәкәрім Құдайбердиевпен бірге Меккеге қажылық сапарға барып қайтады. Қажылықтан қайтар жолда Стамбұл, Бұхара және Ташкент қалаларына аялдайды. Сол өңірдің оқымысты және дінбасыларымен кездесіп, әңгімелесуі көзқарасын, бағыт-бағдарын кеңейте түседі. Еліне қажы атанып келген соң қазақ даласындағы жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға, жастарды өнер-білімге тартуға, қайырымдылық шараларына белсене араласады. 1917 жылы елдегі «Алаш» қозғалысының ел ішінде жүргізген жұмыстарында да белсенділік танытады. Ілияс Жанқараұлының қайраткерлік ісі туралы дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында да жазылған. 1917 жылы 13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен Екінші жалпы қырғыз «Алаш» съезіне делегат болып қатысады. Оның аты-жөні ерекше міндеттеп шақырылған делегаттардың тізімінде Мұстафа Шоқайдан кейін тұр. Ілияс Жанқараұлының қол қоюымен куәландырылған №34 құжат та сақталған.

Тап күресі күшейе келе, революцияға ұласқан, кедей-кепшікті жақтаған социалистік қоғам орнағанда да атақты рулық қауым басшысының материалдық жағдайы төмендегенімен, ел ішіндегі беделі сақталып қалды. Ілияс Жанқарин ұзақ өмір сүріп, өзінің елінде қайтыс болды. Оның бейіті Павлодар облысының Успенск ауданының табиғаты көрікті жерінде. Төңірегінде Алаш ардақтысының әулет мүшелері жерленген.

Жанқара ұрпағының жазғы жайлауы — қазіргі Тимирязев ауылы. Ертеде Қызылтаң аймағындағы тоғайда Дірәңке деген жер болған. Ол орыстың «делянка» деген сөзінен шыққан. Міне, осы тоғайлы өлкеде ертеде Уақ руының Жантөбет, Байтөбет аталарының ұрпақтары — Жанқара, Майқара, Жаңаберді атты ауқатты ұлдары өмір сүрген. Олардың қыстауы да осы өңірде және Байқоныс жерінде болған. Жанқара байдың ұрпақтарынан болыстық арылмаған деген сөз бар. Бозқозы 30 жыл болыс болса, одан кейін Ілияс Тереңкөлде — 15 жыл, Қараобада — 6 жыл (басқа рудың болысында) болыстық құрған азамат. Ал, ең кіші інісі Құсайын да 18 жыл болыс болған.

Ілияс Жанқараұлы туралы жазылған құнды тарихи деректер мен естеліктерді отызыншы жылдардың қарсаңында қазақ даласында жаппай орын алған саяси қуғын-сүргіннің қарсаңында алдын-ала қауіп-қатерді сезген оның ұлы Мұрат Ілиясов жойып жібереді. Бұл кезеңде Мұрат Ілиясұлы Баянауылда прокурор болып қызмет атқарған еді. Бірақ, Мұрат та қазақ зиялыларының басына түскен қауіп-қатерден құтылып кете алмайды. Елінен кетіп, Ресей аумағында бас сауғалап жүреді. 1895 жылы дүниеге келген Мұрат Омбының «Землемерное училищесін» бітіріп, «инженер-землеустроитель» мамандығын алады. Әскери училищені бітіріп, орыс әскерінің қатарында офицер де болған. Кеңес өкіметі кезінде жоғары білімді маман сот жүйесінде қызмет атқарды. Баянауылда прокурор болып жүргенде қуғын-сүргінге ұшырап, 1945 жылы Кемеровода қайтыс болады. Омбы семинариясындағы төңкерістің қызыл қыраны атанған дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің серігі болған. Сәкенге еліктеп өлең де жазған екен. Оның бес ұлынан қалған ұрпақтары бар. Ілиястың екі әйелінен — Шекетай (Рахымбек), Мұрат (Мағауия, Мағжан), Мұзан (Аспандияр, Жұмабай, Құлатай), Бәри мен Нұрымбек есімді ұлдары болған. Мұраттың бес ұлы — Мағауия, Мағжан, Даниял, Баян, Николай болған. Жанқара ұрпақтары туралы дәрігер қызы Сәуле Мағауияқызы Мұратова көп жылдан бері ізденіп, мұрағаттардан деректер, көнекөз қариялардың естеліктерін жинақтаумен келеді. Мәриям Рахметова екеуі бірігіп, «Жантөбет ұрпақтары» атты кітап та шығарды. Сәуле Мағауияқызы үлкен аталарының имандылық жолымен жақында Меккеге барып, қажылық парызын өтеп қайтты. Текті әулеттің ұрпағы зейнеткер ана өзінің ұл-қызын оқытып, тәрбиелеп, ата-бабаларының қанынан тараған адамдық қасиетті жоғары ұстауды өнеге етіп айтып отырады.


Almaty-akshamy.kz
КИІЗ ҮЙДЕ ЖАСАҚТАЛҒАН АЛҒАШҚЫ МҰРАЖАЙ
12.11.2014
Көшпенділер тұрмысы жәдігерлерін ақ патша мұрагеріне көрсеткен – дала қазағы Ілияс Жанқараұлы болатын
Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ