Қайыров Ербол Мәтіұлы

      Комментарии к записи Қайыров Ербол Мәтіұлы отключены

Қайыров Ербол Мәтіұлы 1974 жылы шілде айының 29-ы күні, Павлодар облысы Качиры ауданы Тегістік ауылында дүниеге келді. Әкесі — Мәті-Дәурен- өмірінің соңғы күндеріне дейін ел басқарды, ал, анасы – Күлше Қабдылхамитқызы – ардагер ұстаз, КСРО-ның аға ұстазы, екеуі де елге сыйлы адамдар болды. Отбасында  он үш бала тәрбиеленіп  өсті. Ербол ең кенжесі.

1981 жылы Тегістік ауылындағы орта арнаулы  мектебіне барып, 1989 жылы аяқтаған соң, Павлодар қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №3 мектеп-интернатының педагогика класын тәмамдап, 1991 жылы С.Торайғыров атындағы ПМУ түсіп, ойдағыдай бітіріп шыққан соң, туған елге оралып, мектепте қазақ тілі және әдебиет пәндерінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Кейіннен, аға жетекші, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.

2002 жылы аудандық әкімшіліктің шақыртуымен орыс тілінде шығатын аудандық «Заря» газетіне орналасып, қазақ тілінде ең алғаш мақалалар жазып, екі жылдан кейін ана тілімізде төрт беттік жеке қосымша газет шығарды. Аудандық газет редакторының орынбасары болды.

2008 жылы Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне орналасты. Бүгіндері осы аталмыш мекемеде әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруда.

2006 жылы Оралхан Бөкей атындағы көркем сөз оқу шеберлері кокурсының облыстық байқауында бас жүлдегер, ал республикалық сайыста  дипломат атанды.

Республикалық «Егемен Қазақстан», «Ана тілі» газеттерінде, облыстық «Сарыарқа самалы», «Шаһар» газеттерінде мақалалары жарық көруде. Сонымен қатар, 2008 жылы өткен Астана қаласының 10 жылдығы мен Павлодар облысының 70 жылдығына өткен «Қаламгер» конкурсының жеңімпазы атанды.

Тереңкөл ауданының тарихы турасында, Сейілда қажы Түйтебекұлы, батырлар Есенқұл, Қошман Темірбекұлы, Үлияс қажы туралы зерттеп, жазған еңбектері бар.

Бүгіндері тарихи оқиға желісінде жазылған, сонау репрессия кезі  және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыл өмірі бейнеленген «Ғайып ғұмыр», ауылдың дамымуына үлес қосқан, талай қыстау заманды бастан кешірген  жерлестердің қысқаша өмірбаяны және де олар туралы ел аузында қалған аңыздар, әңгімелелер туралы сыр шертетін «Сағым жылдар», өзінің ішкі дүние танымын, ұшқыр ойларын білдіретін «Ой, сезім», «Сарыарқаның дүлділі» атты кітаптары жарыққа шықты.Бұл кітаптар өзі дүниеге келіп, өмір сүрген туған ауылына деген сүйіспеншілік арқау болды. Халық тарихы –тек қана жылнамалар жинағы емес, жеке ірі тұлғалардың өмірімен байланысты екенін ескерсек, бұл кітаптың (Сағым жылдар) құндылығы арта түспек.

Және де республикалық «Қазақтың билері», «Қазақтың батырлары» атты бірнеше сериямен шыққан кітаптарда еңбектері кірді.